Кезінде ағылшын поэті әрі саясаткері Эдмунд Уоллер былай деп айтқан екен, «поэттің сыйының кетуі әпсәтте, егер алдымен шимай дәптерлерден ақындығы әзірленіп өссе»* деп. Әрине көпшілікке өз ойыңды ұсынар алдында әр сөзіңді, әр тұжырымыңды есепке аласың, бағалайсың, өлшейсің. Себебі айтар ойыңның құндылығы неде, қажеттілігі бар ма деп толғанасың. Өзің өмір сүріп отырған ортаңа, әлемнің дамып жатқан ағымына, заманның талабына сай келе ме? Керектігі бар ма деп іштей сұрайсың. Егер, ойлана келсең, осы бүгінгі адамзаттың дамуындағы басты құндылық неде деген сұрақ туындайды.
Бүгінгі ақпарат пен жаңалықтар қаптаған заманда ненің дұрыс ал ненің бұрыс екендігін ажырата білу, қандай мағлұмат шындыққа жарасады, ал қайсысы жаңаспайтынын білу – бұл үлкен зергелік пен жүйрік ойды қажет етеді. Менің кейде әзілдеп достарыма айтатыным бар: егер сен саясатты талқылағың немесе сараптағың келсе, ең алдымен өзіңнің мүддең болуы тиіс. Өйткені, қандай шын құндылықты қорғамақшысың, әлде қандай мақсат сені жетелейді деген сұрақтарға өз алдыңа өзің жауап бере алсаң, саясаттанушы болып шыға келесің. Себебі, кеңінен алғанда саясат мүдделерден тұрады, ал ақпарат пен жаңалықтар – сол мүдделердің жиынтығы. Осы жиынтық экран, радио, интернет арқылы адамдарға өз әсерін тигізбей қоймайды. Күніне бір оқиғаға байланысты ақпараттың өзі күллі жұртты мың әбігерге түсіріп, өзіне қадап қояды. Отырыстар мен жиналыстардың, үйде де түзде де сол ақпарат талқыланбақ. Аталған ақпаратты тыңдай жүре бір күніңнің зуылдап қалай өтіп шыққанын да байқамай қаласың. Уақыт өте келе, өзің есейе келе, сол кездегі дәл сол айтылған жаңалық мені неге сонша толғандырды екен деп таң қаласың. Маған сонша қатысы болып пе еді деп екінші рет таңданасың.
Осындайда еске қызықты бір тарихи, шын мәнінде болған оқиға түседі. Кезінде атақты американдық жазушы Марк Твен қартайған шағында қоғамда болып жатырған мәселелерге көңілі толмаған жағдайда әйелі Оливияны ашуланып шақырып, бірден қағаз бен қалам сұратып, сол мезетте АҚШ президентіне хат жазады екен. Әйелі ештеңе айтпастан сұрағанын береді екен. Твен бүкіл эмоцияға толы ой-пікірін қағазға түсіргеннен кейін, оны жедел түрде поштаға апарсын деп бұйырады. Содан соң ашуы тараған Твен, көңілденіп, жайбарақат сезіммен ұйықтап кетеді екен. Атақты тұлғаның жары болу қай заманда да оңай болған ба? Түнде әйелі ұйқыдан тұрып, білдірместен үй алдында тұрған пошта жәшігінен Твен жазған әлгі хатты қайтадан суырып алады екен. Уақыт өте келе жазушы өзінің хаты туралы ұмытып кетеді. Ал сұрай қалған жағдайда, әйелі түк болмағандай күйеуіне: сіздің дәйекті жазған хатыңызға қалай жауап берерін білмей, айтқаныңызды ескеріп, ақаулықтарды түзетіп жатқан болар деген сыпайы түрде жауап береді. Сөйтіп жазушы ағамыз Твен бір марқайып қалады екен. Тағы бір ашуланғанда, әйелі қағаз бен қаламын алдына қоя салатын болыпты.
Осы әңгімеге ойлана отырып, қәзіргі ақпарат көп, ақиқат аз заманда, тап осындай ақылды әрі тапқыр әйелім болса, көңілім гүлдей жайнап шығады екен ғой деп қаласың.