Үшінші бөлім. «Дәстүр жолы»

Қазақ елі қашанда өз мәдениетімен ерекшеленген. Салт-дәстүріміз, тарихымыз да бай. Алып жатқан жеріміз де көлемді. Халқымыздың санасы, білімі де жоғары. Кей-кейде біздің тарихымызға, тіпті көп мән бере бермейтін дәстүрлі шаңырағымызға қарап отырып та таң қаламын. Киіз үйдің формасы да, оның құрылымы да таңғажайып. Тіпті, ішіне кірген адамдардың жайғасуы да белгілі бір ережемен атқарылады. Соның бәрін ойлай келгенде, қазақ халқы қайсыбір қадым заманнан келе жатқан салқар тарихы мен салты бар, өзіндік философиясы мен көзқарасы бар ұлы халық екен. Сол қазақ халқының баласы болып туған соң, ендігі жерде өміріңнің мәні мен тағдыры да ата-баба салтына қарай тартады да тұрады екен. Бұл енді сондай заңды құбылыс болуға тиіс?!

Бір күні университетке такси ұстап келе жатқанымда, сол көлікті жүргізіп келе жатқан үлкен кісінің маған айтқаны әлі есімде: «Балам, сендер жастар, бәрің қазіргі заманға сай болып, орыс тілінде сөйлеп, ағылшынша түсінісіп тұрсаңдар да, арғы жақтарыңнан, бойларыңнан бәрібір сол қазақтың қаны сезіліп тұрады».

Сол кісі айтпақшы, осы төңіректе көтергім келген мәселелердің бірі – өзіміздің ежелгі салт-дәстүрлерімізді қайта жаңғырту мәселесі. Кейде біз өзімізді қазақ деп жүріп көптеген салт-дәстүрлердің түп-тамырын білмейтінімізді той атқарар, қыз ұзатар кезде біліп жатамыз. Бұл, әрине күлкілі, бірақ ақиқат.

Сол салттардың бірі – жастарды айттыру, яғни алдын-ала құда түсу, балаларды бір-біріне ертеден таныстыру. Осы жерде қарсыластарыма бірден айта кеткім келетіні – көне заманда ата-бабаларымыз баланың көңілін, сезімін сұрамастан-ақ керек деген адамға құда түсе берген және де жігіт жағы ашық түрде қалың мал төлеген.

70 жылдай коммунизмде өмір сүрген соң, әйел теңдігіне үйренген соң, қазақ халқы қазір нарық заманына бейімделіп, керегесін тұрғызып, шаңырағын тіктегесін өзінің көне дәстүріне қайта оралуда. Қазір де айттыру бар, бірақ бұл тек қана таныстыру кейпінде, ұсыныс түрінде жүзеге асуда. Бұған қарсы шығатындар да аз емес. Олар бұл дәстүрді ескінің өткені деп қабылдайды. Осыдан біраз уақыт бұрын мен де көпшілік сияқты – жастар өз сүйгендеріне тұрмысқа шығулары тиіс, романтика болу керек, ешкім жастарды күштемеуі тиіс, бір көргеннен сүю дұрыс деп ойлайтынмын. Бірақ уақыт өте келе көп мәселенің анық-қанығын түсіне бастайды екенсің.

Әрине ұсыныс, ақыл-кеңес ретінде, осы тұрғыда мен қыз айттыру қазіргі қоғамға өте қажет салттардың бірі деп есептеймін. Бір күні маған Мұрат деген досым: «Асылхан, сонда романтика қайда, шынайы сезім, махаббат қайда? Біз не сонда баяғы ата-бабаларымыздан ілгері кете алмағанымыз ба? Адам бұрын өзіне таныс емес біреуді сүйсе, онда тұрған не бар?», – деді. Оның сұрағы маған түсінікті. Бір-екі жыл бұрын мен де өзіме осылай сұрақ қояр едім. Ал меніңше, жастар сол романтикаға беріліп, бастапқы жылдары жан-жақтарын байқамастан қосылып, 2-3 жыл бірге өмір сүргеннен кейін отбасы тіршілігінің қиындығын көріп, мінездерінің симастығын сезіп, жұптары айрылып жатыр. Осыдан қоғамымызда көптеген проблемалар туындап жатыр. Оларды бәріміз де білеміз. Сонда мен Мұратқа мынадай уәж айтқанмын: «Мысалы, сенің де, менің де туған қарындастарымыз бар. Оларды кішкене кезімізден бастап жақсы көреміз. Ал сонда сен өзіңе таныс емес, бұрын кездестірмеген, ата-анасының да кім екенін, мәдениетін, қоршаған ортасын, тұрмысын білмей отырып, бөтен жігітке қарындасыңды қалайша бермекшісің? Сен ғой қарындасыңның көреген, көрікті, жайлы жерге барғанын тілейсің», – деп. Қалай дегенмен де әр отбасы өз баласының жақсы жерге барғанын тілейді. Оған қоса күйеу балаң немесе келінің өз үйіңе кіріп жатса – ол енді сіздің шаңырағыңыздың баласы болады, ол да енді отбасыңыздың бір бөлшегі болып қосылған соң, оның да жақсы болғанын тілейсіз. Ол балаға болашақта өз отбасыңыздың ішкі сырларын емін-еркін айтып, сене алатындай, одан туған немерелер де сіз үшін сүйкімді болғанын тілейсіз. Бұның бәрін болашақ күйеу балаңыздың немесе келініңіздің тегі арқылы біле аласыз. Тегі жақсы адамдардың балалары да жақсы болатыны хақ. Бұл заңды құбылыс.

Жақсы жермен құда болу – мәртебе. Сөйтіп жауап бергенімде, досым үндемей ойланып қалды. Оның қалай болғанда да іштей келіскенін сездім. Сіздер де келісерсіздер деп ойлаймын. Осыдан кейін бәріңіз шұғыл түрде балаларыңызды достарыңыздың балаларына айттырып жүрмеңіздер. Осы жерде есіме өз басымнан өткен бір күлкілі әңгіме түсіп отыр.

Бірде сонау Атырау өңірінен келген Нұртас нағашым біздің үйде қонақтап, шай басында отырып, көпшіліктің көзінше менен: «Жиен-ау, сен оқып жатырсың, ал осы келін жағы қалай?» – деді. Бұрын бұндай сұрақтардан қысылатын мен, бұл жолы: «Нағашы, біздің елде барлық жақсы бөлініп қойған, соның ішінде жақсы келіндер де; орысша айтқанда, бізде «все схвачено!», – деп күлдім. Бұл тек қана әзіл деп түсініңіздер. Бұл жерде айтқым келгені, көптеген қазақ отбасылары өз балаларының неке мәселесін ертеден-ақ шешіп қойған. Яғни, құдаларын тауып қойған.

Ал енді осы жоғарыда талдап, өздеріңізге келтірген бұрыннан таныс салтымызға сыймен, түсіністікпен қараған дұрыс деп санаймын.

Әрине, шынайы сұлу махаббаттан артығы жоқ. Өзің сүйіп, қосылғанға не жетсін?

Өзің сүйіп қосылған жарың да жақсы болып, оның үстіне шыққан жері, тегі де жақсы болса, бұл онда қуантарлық жағдай. Міне, сонда романтика! Ал, кей-кезде романтика деп жүріп, канадалық юморист-жазушы Стивен Ликоктың айтқанындай болуы мүмкін: «Көптеген еркектер қыздың бетіндегі меңіне бола үйленіп қояды». Көп ойлана да беруге болмайды. Тағдыр өзі апарып, ақыр соңында біреуге кезіктіреді. Әйтпесе, сол Стивен Ликоктың айтқаны тағы да келіп қалар: «Мүмкін көп іздеген, көп армандайтын да шығар».

Асылхан Нұрғалиев

ҚжЭФ 2 курс студенті

«Мұнара» студенттік республикаға тарайтын газеті

№4 (32), 6-шы бет, сәуір, 2005 ж.   

Leave a Reply

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out /  Change )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out /  Change )

Connecting to %s