Қазақстандық «конституциялық қоғамның» қалыптасуы

foto«Көп ісінде береке»

Халық мақалы

Әр халықтың және әр қоғамның өзіндік даму жолы болады. Сол даму жолын жүзеге асыру үшін ел ішінде, халықтың түсінігінде ортақ мүдде, талаптар, құндылықтар болуы тиіс. Ондай жалпыға ортақ құндылықтар қалай пайда болып және қалай ел ішінде кеңінен қолдауға ие болады? Әрине, бұл қоғам мүшелерінің өз-ара ортақ шешім мен келісімге келіп, бірегей мүдделерінің тоғысқан сәттерінде ғана жүзеге асады. Ерте замандардан бері бұндай келісімге халықтар баршаға ортақ қабылданған заңдар мен ережелер, яғни конституция арқылы қол жеткізген.

Қазақ жерінде тәуелсіз мемлекетіміз бой көтерген сәттен бастап, халқымыз өз ата-заңын қабылдап, еліміздің дамуына серпін берді. Көне ойшыл Сенека айтқанындай: «Қай жағаға барарын білмейтін кемеге, жол сілтейтін жел болмайды». Сол сияқты, мемлекетіміз егемендіктің алғашқы жылдарында конституциямызға бейбітшілдік, азаматтық, еркіндік, теңдік және келісімдік секілді қасиетті құндылықтарды енгізе отырып, елімізді әлемдегі озық дамыған елдер арасыннан табылуын көздеді. Осы орайда еліміздің конституциясы халқымыздың өз алдына қойған мақсатын айқындайтын аса құнды құжат ретінде бағаланды.

Алайда өмірде де, табиғатта да ауыспалы, өзгеріске енетін кезеңдері болатыны белгілі. Сол себептен еліміздің ата-заңы заман талабына, халықтың тұрмысына, мемлекеттің дамуына сай өзгеріске түсіп отырады. Бұл орынды құбылыс. Әйтпесе бүкіл қоғамға ортақ дамуды көздейтін ережені немесе заңды барша халыққа конституция арқылы болмаса қандай басқа жолмен еңгізуге болады? Сондықтан ел ішіндегі әр азаматтың өмірі мен келешегі сол қоғамның ата-заңымен тығыз байланысты.

Біздің халқымыздың сан ғасырлық тарихы осындай ата-заңдарды қабылдау арқылы сақталып, дами алды. Себебі тәртіп пен ата-заң сақталған жерде жүйелік пен өркендеу болады. Осының мысалы ретінде қазақ халқының ежелгі ата-заңының негізін қалаған әйгілі Шыңғыс ханның «Жасау ісі» атты мемлекетті басқарудағы билік заңдарын айтуға болады. Олардың ең басты мақсаты – Ұлы көшпенділер даласында барлық адамдарға ортақ, бейбітшілдік пен келісімді, сыйластық пен құқықтықты сақтайтын салт-дәстүрді қалыптастыру болды. Сондай мақсатқа қол жеткізілді де. Өткені тарихқа көз жүгіртсек, 1206 жылы Шыңғыс хан дәуірінде қабылданған «Жасау ісі» заңдар формуласы адамзат тарихындағы ең үлкен әрі ұзақ уақытқа сақталған империялардың бірін құруға мұрындық болды.

Мысалы, сол уақыттарға шамалас келген 1215 жылы Британияда ең алғаш қабылданған «Магна Карта» (Magna Cartha) атты ата-заңдар жинағы кейін сол елдің Ұлыбритания атанып, әлемдегі алдыңғы қатарлы елдер арасынан табылуына үлкен септігін тигізген еді. Бүгінгі уақытта «Магна Картаны» алып қарасақ (мысалы, оның жазба түрін британдық мұрайжай көрмелерінен немесе қазіргі әлеуметтік жүйелер беттерінен табуға болады), сол кездегі британдықтардың ортақ құндылығы, бүгінгі заманның құндылықтарына сайма-сай келіп отыр. Олар қоғамның ішіндегі әр азаматтың еркіндігі мен теңдігін қамтамасыз ету, құқық, сот және заңдардың әділ орындалуы, қоғам қатынастарының ашық болуы, мемлекеттің тиімді түрде жұмыс істеуі секілді талаптар.

Қазіргі уақыттағы алдыңғы қатарлы мемлекеттердің дамуына көз жүгіртсек, олардың көбінің жетістіктерінің негізі, кезінде көне ойшыл Аристотель айтып өткендей, «конституциялық қоғам» (Constitutional polity) принциптерін құрумен байланысты болып отыр. Конституциялық қоғам дегеніміз – конституция негізінде даму. Жоғарыда айтылып өткендей, қоғамдағы халықты бір мақсатқа жұмылдырып, нәтижеге қол жеткізу үшін ортақ құндылық, негіз болуы керек. Бұл сол қоғамның ата-заңы арқылы іске асатын шара. Сондықтан, ата-заңы мықты ел – ол «конституциялық қоғам».

«Конституциялық қоғамның» сипаттарының, әрі ерекшеліктерінің бірі, ол азаматтық қоғам қағидаларын кеңінен дамыту болып табылады. Мысалы, осы мәселеге қатысты кезінде француз ойшылы Жан-Жак Руссоның 1765 жылы шыққан «Корсика аралына арналған конституциялық жоба» және басқа да қол-жазбаларының негізінде бүгінгі Америка Құрама Штаттарының конституциясы жазылғанын ескерсек, онда Руссоның айтуына сәйкес ел дербес мемлекет ретінде қалыптасу үшін ең бастысы өзінің конституциясын күшейтуі қажет. Руссо бұл мақсатта қоғам ішіндегі тұрақтылықтың сақталуына үлкен мән бере отырып, өз елінің ата-заңына сүйеніп, қоғамның тұрақтылығы мен келісімін сақтай алған мемлекет, сыртқы елдердің экономикалық, саяси және тағы басқа ықпалдарына берілмей, дербес ұлттық саясатын жүргізе алатындығын атап көрсеткен. Өйткені, өз ата-заңына, азаматтарының біліктілігіне сенім артып отырған мемлекет іштей мықты, әрі біртұтас күш сияқты.

Француз ойшылы атап өткендей, мемлекет өзінің қаржы жағынан бай болмаса да, адамдарымен бай болуы тиіс. Себебі конституцияда жазылған құндылықтар мен заңдарға сәйкес, елдің азаматтары да сол бағытта тәрбиеленіп, сол бағытта қалыптасып, дамиды. Сондықтан, мемлекет әрқашанда конституцияға сүйеніп, ал конституция әрдайым халықтың мүддесіне қарай жұмыс істеуі керек. Осы тұрғыда елімізде іске асқалы отырған институционалдық реформалар – болашақта «конституциялық қоғам» құруға бағытталған сара жол.

 

Leave a Reply

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out /  Change )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out /  Change )

Connecting to %s