Астана – бүгінгі тәуелсіз қазақ елінің армандары мен үміттерінің тоғысқан жаңа ел ордасы. 21 жыл бұрын 1994 жылдың 6-шы шілдесінде, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі (сол кездегі Парламент) ел Президенті Н.Ә. Назарбаевтың елдің бас қаласын Алматыдан Ақмола қаласына көшіру туралы идеясын қолдап, осыған байланысты арнайы қаулы шығарды. 1998 жылы Елбасының Жарлығына сәйкес Ақмола қаласының атауы Астана болып өзгертілді, ал келесі жылы ЮНЕСКО ұйымының шешімімен Астана қаласы «Әлемдік Қала» деген атаққа ие болды. Шынында да Астананың құрылысы халқымыздың заманауи мемлекет, ашық қоғам және өзіміздің айналамыздағы елдермен бейбітшіл әрі тату қарым-қатынас құруға бағытталған ынтасы мен жігерін айшықтады. Сондықтан Астана – ол еліміздің болашаққа деген сенімі мен өркендеуін көздеген проекциясы.
Осы орайда маңызды айта кететін мәселе ол қазіргі XXI ғасыр жаңа постиндустриалды дәуірдің басталғаны және бұл дәуірде адамзат дамуының басым қарқыны урбанизация, яғни қалалар салу және оларды дамыту арқылы жүзеге асатындығы. Кезінде көне ойшыл Аристотель өз зерттеулерінде қала дамуына үлкен көңіл бөлген екен. Мысалы, Аристотельдің жұмыстарына сүйенсек, қала дамуының басты шарты – ол сол қаланың өз тұрғындарына ең жайлы, әрі қолайлы жағдай жасау деген.
Егер бүгінгі әлем дамуының үрдісін ескеретін болсақ, онда бұл ой-тұжырым қазіргі күні өзінің жалғасын тауып отыр. Мысалы, британдық ғалым Стивен Эммоттың сөзінше, біздің ғасырымыздың аяғына қарай адамзат баласының жалпы саны 10 миллиардқа жетеді және олардың басым бөлігі қалаларда тұратын болады. Осы болжамның мүмкіндігін Астананың мысалы да көрсетеді. 1997 жылы, ел орданы көшірген жылы, қала халқының саны бар болғаны 250 мың адам болған, ал 2015 жылдың басына қарай халық саны үш есе өсіп, бүгінгі таңда Астанада 850 мың тұрғын тұрады.
Жалпы алғанда, қазіргі мемлекеттерге өздерінің дамуын бәсеңдетпеу үшін маңызды стратегияның бірі ол алдыңғы қатарлы қала құрылысын жетілдіру және қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру болып табылады. Бұл орайда Астана дүниежүзінде дамыған елдерден қалыспауға тырысып, қала тұрғындары мен қонақтары үшін қолайлы инфрақұрылым туғызу мақсатында жұмыстар атқаруда. Мысалы, әлемдік қала құрылыс тәжірибесінде елеулі беталыс бар. Ол бүгінгі күнгі қалалардың даму болашағы бір-екі онжылдықта анықтала және өзгертіле алатындығы. Сондықтан, астанамыздың жастығын ескере отырып, әлемдік қала құрылысын жүргізу тәжірибиелері мен әлемдік жаңа тәсілдемелерді зерттеу еліміз үшін аса пайдалы.
Өзіме ел ордамыз Астанада 2012 жылы алғаш рет өткізілген Халықаралық мұнай кеңесіне Катар елінен келген қатысушы қонағының айтқан сөздері есімде қалды. Форум барысында қонағымыздан ел ордамыздан алған әсерімен бөлісуін сұрағанымда, оның берген жауабы мені таң қалдырды. Қонағымыз айтқандай, ол Астананы аралап қараған кезінде ел орданың жол-көлік қатынас жүйесі және көлік логистикасының ерекшеліктеріне көңіл бөлген екен. Оның ойынша болашақта Астана тұрғындарының санының өсуіне байланысты қалада көлік қозғалысымен байланысты белгілі мөлшерде қиындықтар туындайды. Өйткені автокөліктер басым мөлшерде бағдаршамдары бар қиылыс көшелері арқылы қозғалады. Кезінде осындай қиындықтармен Катар елі де жолыққан екен. Осы себептен бұл мәселенің шешімі ретінде катарлықтар кең алқапты тас жолдарын хайвэй түрінде сала бастаған. Соның ішінде бір-жақты қозғалыспен жүретін автомагистральдар, жылдам автодаңғылдар және айналма жолдар салып, сол арқылы барынша қиылыс көшелерін болдырмай қозғалыс жылдамдығын баяулатпауға тырысқан екен. Қонағымыздың айтуынша, осы шаралар Катардың транспорт жүйесін ілгері дамытқан. Ал уақыт өте келе, жұмыс күндері Астанадағы көлік қозғалысындағы баяулықтарды көргенде, Катар елінен келген қонақтың сөздері еріксіз еске түседі.
Ал, катарлық қонағымыздың әңгіме барысында айтқан екінші ойы мен үшін күтпеген, бірақ ойландыратын жаңалық болды. Оның айтуынша, қала дамуында ерекше орын алатын тағы бір сала – ғылым мен білім. Себебі оның түсінуінше, қаланың әрдайым жандануы мен дамуы, сол қаланың тұрғындарының хабардарлығы, біліктілігі, мәдениеті мен тәрбиесі, және осы қасиеттерді дәріптейтін қаладағы ғылыми инфраструктураның болуында. Егерде тарихқа үңілсек, онда көне кезеңдерден бері адамдардың жаңа білім табу мақсатында шет қалаларды, елдерді аралап, сондағы білім орталықтары мен кітапханаларды зерттеп, өз халқына құнды кітаптардың көшірмелері мен пайдалы кеңестерін таратқан. Осы орайда, тарихта қазына іздеушілер туралы қызықты аңыз бар. Іздеушілер ұзақ уақыттан соң Сулейман патшаның қымбат заттары сақталған жер асты қойнауын тауып алып, байытын болдық деп қатты қуанады. Алайда олар қымбат сандықтарды ашып келген кезде, іштерінен толған кітаптар мен құнды жазбаларды көреді. Бұл Сулейман пайғамбардың түсінігіндегі ең қымбат байлық болатын. Сонымен қатар көптеген көне аңыз-әңгімелерде Сулейман пайғамбар билеген патшалықтың қаншалықты бай, әрі қуатты болғаны туралы мәліметтер сақталуда.
Расында да, бүгінгі дамыған заманда бір қаланы екінші қаладан ерекшелендіре алатын қандай артықшылық немесе жаңалық? Мүмкін ол айтып өткен көлік-жол жүйесі шығар? Әлде жаңа салынып жатқан заманауи ғимараттар мен ойын-сауықтыру орталықтары ма? Қазіргі замандағы жаһандану үрдісі мен елдер арасындағы сауда-экономикалық қатынасының даму қарқынын ескере отырып, инфрақұрылымдардың барлығының да құрастырылып немесе сатып әкелуге болатынын білеміз. Дегенмен, Катар елінен келген сұхбаттасым айтып өткеніндей, дәл сол ғылым, білім, мәдениет, және солар арқылы пайда болған орта адамдар үшін бір қаланы екінші қаладан артық көрсетеді.
Әрине, бұл тұрғыдан қарағанда Астана және жалпы алғанда Қазақстан тез дамып келе жатырған ел. Сондықтан, білім мен ғылым жүйесі қаланың өркендеп өсуі үшін ең құнды негіз, яғни айрықша сара жол. Мысалға, бұл: 1993 жылы ел Президентінің бастамасымен құрылып, әлі күнге дейін әлемде ұқсастығы жоқ «Болашақ» бағдарламасы; Астанада жаңадан бой көтерген және осы жылы алғашқы рет түлектерін шығарған Назарбаев Университеті; өздерінің оқыту бағдамаларына әлемдегі ең алдыңғы әдістемелерді енгізіп келе жатырған ел ордадағы көптеген университеттер, колледждер, мектептер, оқу орталықтары мен бала бақшалар. Осыған қоса Астанада салынған әртүрлі ғылыми және білім ордаларын атауға болады. Мысалға бұл Оқушылар сарайы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Кітапханасы, «Астана Опера» опера және балет театры, Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайы, ғылыми медицина және басқа да көптеген орталықтар. Осылардың барлығы соңғы жылдары ел ордамыздың сәулеті мен келбетін арайландыруда.
Бұл орайда жоғарыда айтып өткендей, Катардан келген сұхбаттасымның сөздерінен түйіндейтініміз, дамыған интеллектуалды әрі танымдық ортасы бар қала, әрқашанда ізденіс пен ынтасы бар жастарға, туристермен мен зерттеушілерге үлкен қызығушылық тудыртып, сол қалаға арналған сапарына жол салады. Ал қаланың тұрғындарына сәйкесінше, өз білімдерін арттыруға, мәдениеттері мен қабілеттерін шыңдауға, дамытуға баға жетпес мүмкіндік береді. Керісінше, тұрғындарында ғылым мен білімге және өзін-өзі жетілдіруге деген құштарлығы жоқ қалада, қоғам қатынастары біртіндеп кері кетіп, надандық пен құлдырау кең белес алады. Осының барлығы ақырында мемлекеттің күйреуі мен ыдырауына әкеліп соғады. Әлем тарихында бұған дәлел ретінде келтірерлік мысалдар жеткілікті. Мысалға, ерте ортағасырлық Еуропаның тарихын алып қарасақ, сол кезде көптеген үздік ойшылдардың, оқымыстылардың, ғалымдардың инквизицияға (қудалау) ұшырап, құрбан болғандығы белгілі. Кейбір ғалымдар инквизициядан құтылу мақсатында, сол кездегі Еуропаның шеті болып саналатын қашықтағы Британия аралына қоныс аударған. Сол жерден ғалымдар өздерінің зерттеулерін тоқтатпастан жалғастырған. Соның арқасында бүгінде әлемге әйгілі британдық оқу орталықтары пайда болды, олардың ішінде ең белгілілері Оксфорд және Кэмбридж университеттері. Ал сол уақыт ішінде инквизиция жариялаған материктік Еуропа керісінше құлдырап, көптеген қиындықтарға ұшырады. Оның ең ауыры жұқпалы оба ауруының тарауы болды. Осы себепке байланысты Рим католик шіркеуі кеміп кеткен мемлекет қазынасын шұғыл түрде толтыру мақсатында жаңа индульгенция ұғымын енгізуге мәжбүр болды. Ақыр аяғында қол жеткізген білім мен ғылыми жаңалықтар арқасында әлемге әйгілі әрі қуатты Британия империясы пайда болды, ал ағылшын бүкіл әлем халықтары қолданатын тілге айналды. Сондықтан, мемлекеттің дамуы мен халық әл-ауқатының көркейуі, қалалардың және ондағы қалыптасқан ғылыми, білім және мәдениеттің дамуымен тығыз байланысты.
Егерде тарих беттерін саралап қарасақ, шын мәнінде Рим, Париж, Бағдад, Кордоба, Александрия, Каир қалалары басқа қалалармен салыстырғанда қандай себептерімен ерекшеленді? Менің ойымша, осы аталған қалаларда өз замандарына сай ірі, әрі мұрағаттарға бай кітапханалар мен мәдениет орталықтарының кеңінен етек алып дамуында.
Алайда, бүгінгі таңда әлемдік қала даму құрлысында ерекше орын алып отырған тенденция, ол қала өмірінің барлық салаларына қатысты ұзақ мерзімді тұрақты даму концепцияларының болуы. Мысалға, бұл: қаланың транспорт жүйесін дамыту; қаланы көріктендіру, көгалдандыру мен қоршаған ортаны сақтау; экономикалық, әлеуметтік салалар және энергия-қуат тиімділігі мен жаңғырмалы энергетиканы жетілдіру; қалалық коммуналдық инфрақұрылым мен жаңадан көшіп келіп жатқан халықтың қала аумағында ыңғайлы орналасуы секілді концепциялар жатады. Осы орайда қазіргі көптеген алдыңғы қатарлы серпінді дамып отырған Копенгаген, Ванкувер, Нью-Йорк, Сан-Франциско, Сингапур сияқты қалалардың тұрақты дамуларында ортақ бір бағыт – экология мәселесі. Мысалы, осы аталған қалалардың даму жобаларына сәйкес, олардың орталықтарында үлкен парк алаңдарының орналасқанын көруге болады, және де олар бүгінде қала өмірінің мәдени орталықтары ретінде қалыптасып, тұрғындардың сүйікті орындарына айналған.
Осындай әлемнің үздік дамыған қалаларының мысалдарын көре келе, Астанада да, білім және мәдениет бағыттарымен қатар, қала тұрғындары үшін демалыс уақытын өткізетін парктер мен алаңдардың салынуының да маңызды екенінде атап өткен жөн. Қазірдің өзінде, жыл сайынғы қала халқының санының өсуіне байланысты, Астанада халық көптеп баратын ойын-сауық кешендерінің керектігі сезіледі. Оның үстіне осындай кешендер ел ордамыздың жаңа салынып жатырған аудандарында да болғаны ұтымды. Өйткені ол қала халқының мереке және демалыс күндері қала ішінде тарап, ыңғайлы демалуларына көмектеседі, әрі демалыс орындарын таңдауларына мүмкіндік береді. Мысалы, бұл Ыстамбұл мен Лос-Анджелес секілді қалалардың тәжірибесі. Осы себептен кейінгі кездері Астана қаласында «Абу-Даби Плаза» және «Астана ЭКСПО-2017» көрмелік комплекстерін салу айтылып жүрген қарсы ой-пікірлер, негізінде болжамдалған әлемдегі және Қазақстанның ішіндегі халық санының өсу динамикасына сай келмейді. Өйткені, жалпы еліміздің және Астанамыздың бүгінгі қарқынды дамуы жақын болашақта бұдан да кең көлемді қаржыны талап етіп, қала тұрғындарына арналған жаңа білім, мәдениет және демалыс нысандары мен комплекстерінің құрылыстарын қажет етіп, және сол арқылы Астанамыз шын мәнінде әлем астаналарының қатарына кіреді деген үлкен үміт пен сенім арта түседі.
Источники: http://presidentlibrary.kz/?p=4573 и http://aikyn.kz/ru/articles/show/10375-astana_a_yldy_ala_bolsyn_desek
Pingback: List of articles – Assylkhan Nurgaliyev