Батыс «Капиталмен» тыныстайды

Koko

– Асылхан, «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританияның Ноттингем университетінің магистратурасын бітірдің. Қазір нені қаузап жатырсың? 

– «Болашақ» бағдарламасымен оқуға түспес бұрын Алматыдағы ҚБТУ-ды экономист мамандығы бойынша бітіргенімді айтып өткім келеді. Алайда, білімге деген құштарлығым мені магистратураға «жетектеп» алып келді. Шет тілін жақсы меңгергендіктен емтихандардан қиналған жоқпын. Бағым жанып, «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияның Ноттингем университетінің магистратурасына «Мемлекеттік басқару ісі» мамандығы бойынша қабылдандым. Бір жылдан соң, магистр атағын алып, осы оқу орнында өз қаржыммен әрі қарай оқуымды жалғастыруға бел байлап, докторантураның сырттай бөліміне құжат тапсырдым. Бүгінде осы университеттің «Қоғамдық саясат және басқару» мамандығының докторантымын. «Әлеуметтік келісім» тақырыбындағы ғылыми жобамды жан-жақты зерттеп, толықтырып жатырмын. Ал магистратурадағы диссертациямды сәтті қорғадым.
– Диссертацияңды қандай тақырыпта қорғадың?
– Магистратура болғандықтан, мұндағы оқу жүйесі қарапайым студенттердің бағдарламасынан мүлде бөлек, күрделі екені түсінікті. Таза ғылыми жұмыспен айналысып, көңіліңді тек ғылымға бөлуің керек. Бұл үшін бізге мемлекет тарапынан жақсы жағдай жасалды. Ай сайын төленетін 2 мың доллар шамасындағы шәкіртақымыз еш уайымдамай, алаңсыз оқуымызға мүмкіндік берді. «Карл Маркстың қоғамды құрудағы саяси ойлары» деген тақырыпта ғылыми жобамды бекітіп, бір жыл бойы осыны «аударып-төңкердім».
– Неге Карл Маркстың еңбектерін таңдадың? Оның саяси ойларының күні озған жоқ па?
– Біз, көбіне, Карл Марксты экономика жағынан жақсы білеміз. Ол экономиканың «жілігін шағып, майын ішкен». Оның еңбектерінде бұл сала бөлім-бөлім, тарау-тараумен жүйелі жазылған. Сол тұста шетелдік басылымдарда Карл Маркстың саяси ойларын қолдаған материалдар жиі басылды. Ағылшын жұрты Марксқа қайтадан оралып, ғалымдар оның еңбектерін жаңаша қабылдап, зерттей бастады. Ол кезде экономикалық дағдарыстың дендеп, әлем жұртшылығы қаржыдан қысылған қиын кезең болатын. Ал дағдарыс түсінігін экономика тұрғысында Карл Маркс өз еңбектерінде «әдемі» жазып қалдырған. «Адам баласы осындай қаржылық дағдарысқа қайта айналып келе береді. Бұдан құтылу әсте мүмкін емес» деген. «Қазіргі жағдайда, капитализмде, халықтың 10 пайызы бай адамдардан, ал 90 пайызы кедейлерден құралған. Сол 10 пайыз байлар қалтасын одан әрі қалыңдатып, байыған үстіне баюды мақсат тұтса, ал қалған 90 пайызы байлардың қатарына жетемін деумен күй кешеді». Яғни ол кісінің айтпақ ойы, капитализм жүйесінде адамдар тек баюға ұмтылады. Алайда, осыны асыра сілтеп, «Ақшаң болса ғана тұрмысың жақсы болады» деген түсінікпен кейбір кәсіпкерлер шығарып жатқан тауарына тұтынушылардан сұраныс болсын, болмасын үсті-үстіне үйіп шығарып тастайды. Ал қоғамдық қажеттілікке жарамай, сауда сөрелерінде шаң басып, өтпей қалған тауарлар компанияны шығынға батырады. Дағдарыс осындай ірі компаниялардың құлдырауынан пайда болады.
– Сонда Маркс дағдарыстан құтылу үшін коммунизмді ойлап тапты ма?
– Ол кісінің ойынша, барлығының ортақ болғаны халықтың өзіне тиімді. Мәселен, қазақ халқында «асар» деген әдемі түсінік бар. Көмекке зәру адамға барлығы жабылып қол ұшын беріп, демейді. Әсілі, мұндай кеңшілік тек қазаққа ғана тән бе деймін. Өйткені, шетелде бірін-бірі қолдау деген түсінік мүлде жоқ. Алғаш рет шетелге 15 жасымда тіл оқыту курсына барғанымда ол жақтағы қайыршылар мені қайран қалдырды. Көшеде келе жатып таңғалғаным, жол үстінде алақан жайып, әркімге бір тілемсектеніп тұрған қайыршыларды қайыршы деуге ауыз бармайды. Үстіне кигені қымбат былғары күрте, джинсы шалбар. Сұрастырсам, олар мемлекеттен көмек алатын мұқтаж жандар екен. Ал жағдайлары біздің орташа тұрмыстағы адамдардан көш ілгері.
– Сеніңше, Қазақстаннан басқа қай мемлекет жастардың сапалы білім алуына жағдай жасап отыр?
– Қытайда жылына 900 мыңдай жас жоғары оқу орнын бітіреді екен. Алайда, соның 10 пайызының, яғни 90 мыңының ғана білім сапасы шетелге шығуға жарамды. Осыдан келіп дүниежүзілік сарапшылар мынадай қорытынды жасаған: Қытай, Үндістан сияқты халық саны көп елдер сапалы кадр дайындау жағынан артта қалып келеді. Сондықтан аталған мемлекеттің халқы кедейшіліктен көз ашпай, жұпыны күй кешуде. Осы мәселеге дабыл қаққан қытайлықтар бүгінде білікті кадр дайындауға білек түрген. Олар шетелдің беделді университеттерімен өзара келісім жасап, ынталы жастарын шетелде оқытып жатыр. Ұлыбританияда білім алып жатқан қытайлық жастар өте көп.
– Демек, қытайлықтар да біздің «Болашақ» сияқты келелі бағдарлама құрып, сол арқылы кадрлық әлеуетін көтеріп жатқан болды ғой.
– Иә, солай деп айтуға да болады. Алайда, жастарға нақ біздің мемлекетіміз сияқты қолдау жасап отырған, дәл «Болашақ» бағдарламасы сияқты жемісті жоба әзірге ешбір елде жоқ. Қазір «Болашаққа» өзгеріс енгізіп, қабылдау шартын шектеді. Өз басым енгізілген өзгерісті қос қолымды көтере қолдаймын. Өйткені, мектепті жаңа бітірген түлектерге шетелдік білім беру жүйесі ауыр тиеді. Олар бітіріп келген күннің өзінде барлығы бірдей сенімді ақтамайды. Тіпті магистратураға түскен жастардың өзі тек қана мемлекеттік қызметтің көлеңкесінде қалып қоюы мүмкін. Сондықтан бағдарлама бойынша докторантураға көп орын берілсе, көп нәрседен ұтамыз. Себебі, шетелден сапалы білім алып келген бір докторант Қазақстанда жүз студентке өз білгенін үйретуге тырысады. Яғни бізде келешекте осы әдіспен «штучный товар» дайындалады. Егер шетелге жылына мың докторанттан жіберіп тұрсақ, олардың келешекте Қазақстан ғылымына қандай үлес қосатынын бағамдай беріңіз.
– Жастар шетелде қалуға неге құмар? Жалпы, жат жұрттың тұрмыс-салты қандай?
– Ол жақта өмір сүру әлдеқайда жеңіл сияқты. Өзіңді еркін сезінесің. Жан қиналатын жұмыс жоқ. Оның үстіне төленетін жалақы да әжептәуір. Бір сөзбен айтқанда, өмір сүру, ақша табу бізге қарағанда әлдеқайда жеңіл. Ал «жеңілдің астымен, ауырдың үстімен» жүруге дағдыланған кейбір жастар осындай жеңіл жолға қызығады. Өзім оқыған Ұлыбританияда қалып, жұмыс істеп жатқан қазақстандық жастар өте көп.
Жалпы, шетелде әркім қара басының қамы үшін өмір сүреді. Біздегідей ағайын-туысқа жәрдемдесіп, демеп, тұрмысы төмендерге қолдау көрсетіп, жақындарыңа қарайласу деген атымен жоқ. Мәселен, қазақ жастары алдымен аяққа тұрып алайын, ата-анама қарайласайын деп жүріп қалады. Сосын қатарластарына қарап, мен де солардай болайын, менің олардан қай жерім кем деп өзін-өзі бейнетке жегеді. Шетелдің тұрмыс-салты мүлде басқа. Сен қалай тұрып жатырсың, не киім киіп жүрсің, ешкімнің шаруасы жоқ. Қымбат көлік мініп, құндыз тон киетін біздегідей бәсекеден ада. Тұрғындары өте қарапайым киінеді. Тапқан-таянған ақшасының барлығын жанының рахатына жаратады. Сарыуайымға салынып, қалай жеткіземін деп ойламайды. Көбіне саяхаттап, ел-жер көргенді ұнатады. Иықтарына жол сөмкелерін асып алады да, Лондоннан Парижге, одан әрі көңілі қалаған елге ұшып жүре береді. Сонда қалтасында асып-тасып жатқан артық ақшасы да жоқ. Қаржысын ретімен есептеп, үнемді жұмсауға дағдыланған. Ал бізде адамның өмірге келуі мен кетуінің өзі жатқан шығын…

– Шетелдің білімі саған не берді?
– Әрине, Қазақстанда да жақсы білім алуға болады, бірақ бізге көп ақпараттар келе бермейді. Ғылыми жұмысқа қажетті мағлұмат жоқ. Шетелде алғашқы сабақ күнінде мұғалімнен алған тапсырмамыз кітапхана болды. «Әрі қарай кітапханаға барып, өз беттерінше ізденіп, толықтырыңдар» дегенде, «мұны кітапханаға барып қайта қараудың қажеті қанша? Интернеттен ала салмаймыз ба?» деген ойда болғанымыз рас. Алайда, көп дүниенің интернеттен табылмайтынын, кітапханада шаң басып, тозығы жеткен кітаптан ғана табылатынын кейіннен ұқтық. Мұғалімнің талабы қатаң. Мәселен, мен Карл Маркстың ойын қағазға түсіріп, профессорға алып барамын. Ол айтады: «Маркс неге бұлай деді? Неге сүйеніп айтты, дәлелде осыны», – дейді. Сен қайтадан кітапты ақтарып, оның Энгельс еңбектеріне сүйенгенін анықтайсың. «Жерден жеті қоян тапқандай» қуанып, Энгельске сілтеме жасап, жұмысыңды қайта толықтырасың. Алайда, бүкіл өмірін ғылымға арнаған оқымысты профессорды сен таңғалдыра алмайсың. «Жарайды, Маркс бұл жерде Энгельспен келіскен екен, бірақ мына кісінің ойы бұларға қарама-қайшы. Осының да еңбектерін қарап көрші» деп мүлде басқа авторды ұсынады. Сен енді басқа ғалымның кітаптарын «қазбалағанда», бұған дейін оқып келген Маркс пен Энгельстің ойына мүлде қарама-қарсы пікір қалыптастырасың. «Бұл кісі неге бұлай деді екен» деп түбін «қазсаң», сілтеме арқылы тағы да 2-3 жаңа автормен таныс боласың. Амал жоқ, олардың не дегенін білу үшін бүкіл уақытыңды кітапханада өткізуіңе тура келеді. Ал құнды деректердің барлығын ХVIII-ХIХ ғасырда басылған ескі кітаптардан ғана таба аласың. Сондықтан ондай мағлұматтар бізде жоқ. Ғылыми тақырып сені осындай иірімдерімен еріксіз тартып, қызықтырып алады. Яғни бір диссертацияны қорғау үшін көп ізденіп, еңбектенесің. Ал қорғап шыққаннан кейін кәдімгідей көп нәрсеге көзің жетеді.

Әңгімелескен Ләззат Кемелбаева, “Нұр Астана” Республикалық жастар апталығы, №34, 2011 жыл

 

Advertisements

One thought on “Батыс «Капиталмен» тыныстайды

  1. Pingback: List of articles – Assylkhan Nurgaliyev

Leave a Reply

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out /  Change )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out /  Change )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out /  Change )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out /  Change )

Connecting to %s